Астана қаласы, №55 орта мектебі
Рахимберлина Д.А.
Дүкенбаева М.Е.
Демеуова М.С.
Мектебімізде құндылыққа негізделген білім беру жобасын ұйымдастырудағы негізгі әдістемелік тәсіл –нақты мақсатқа жету жолындағы күреске педагогикалық ұжымды даярлау. Ол даярлыққа құндылыққа негізделген білім беру жобасын іске асыруға көмектесетін жоспарды, жобаны, ұсыныстарды талқылау мен одан туындайтын ұжымдық және практикалық жұмыстар кіреді. Бұл жұмыс – тәрбие ұжымын біріктіру барысындағы ең маңызды кезең. Ортақ іс-әрекетке барлық мұғалімдердің қатысуын қамтамасыз еттік. Кез келген іс баланың ақыл-ойын ғана емес, оның сезіміне әсер ететіндей болуы керек жіті қолға алынды. Құндылық жүйелерін жүзеге асыруда әсіресе сынып жетекшісінің, пән мұғалімдерінің үлкен ұйымдастырушылық жұмысы қажет болды. Себебі, біз тәрбиелеп отырған Z ұрпақ бойларына адамгершілік құндылықтарды жандандыруды қажет ететін ұрпақ болып отыр.
Осы орайда, мектеп директоры Д.А. Рахимберлина және мектеп психологтары Тоқтасынова Лаура, Дүкенбаева Мақпал, Демеуова Мадина «Қолдау» тобы құрылды.
Психологтар міндеті қандай болды?
Психлогтар – бағыт беруші ретінде, әрбір педагогтың жоба аясында қалай әрекет етіп жатқанын бақылау және кеңес беру мақсатында мұғалімдер тобын 4 топқа бөліп әр модульдің соңында жеке – дара сұхбаттасулар жүргізілді.
Мектебімізде болып жатқан көптеген іс-шаралар осы ұмыт болған құндылықтарды қайта жан бітіруіне себеп болды. Демек, біз осы іс-шаралардан мұғалім-оқушы-ата-ана, яғни «үштік одақ» арасындағы эмоциональдық шынайылықты байқадық. Осы орайда, негізгі қозғаушы күш педагогикалық ұжым. яғни, мұғалім – алдында отырған баланың түпкі санасына үңілу үшін сөзбен емдеу әдісін күнделікті сабақтарда және сабақтан тыс іс-шараларда да қолдану маңызды. Біздің мақсатымыз-мұғалімдерге көмек беру, яғни Z ұрпақты тәрбиелеу үшін бірінші мұғалім өзі өзгеріске ену керек болды. Мұғалімдерге біз қалай көмектесеміз? Курс барысында бізге эмоциональды интеллект, буллинг, ұрпақтар теориясы, тұрақты және дамушы түйсік, ерік-жігер, адамгершіліктің 6 дәрежесі тақырыптарын оқытып, эмоцияны дұрыс басқара білу және ашу, ренжу сезімдерінен қалайша жағымды эмоцияларға ауысу керек екенін үйретті. Мұғалім балаға күліп амандасу үшін оның өз басы өзгеріске бейім болу керек. Ал, ол қатып қалған мұғалімге оңай емес.
Сонымен сұхбаттасу барысында төмендегідей сұрақтар ұсынылды:
1. Ұжымда құндылық жобасы біздің мектепке қажет пе? – деген сұраққа 94 %-ы «иә» деген жауап берсе, 6 %-ы «жоқ» деген жауап берді.
2. Өткен құндылық айы сіздің ойыңызша қалай өтті деп ойлайсыз? Сізге қандай ойлар келді,сіз қалай өзгертер едіңіз? – деген сұраққа өте жоғары деңгейде өткенін және мектептің әрбір мүлкіне, әрбір жанға құрметпен қарау үлкен әдептіліктің негізі екеніне қуана жауап берді. Сондай-ақ өзінен үлкенді көргенде, ол кісіге тамсанбаса да құрметтеуге міндетті екенін, сол сияқты өзіңнен үлкендерді сыйлауда үлкен түсіністік пен ауызбіршілік жатқанын түсініп жатқанын, оқушылар бойында өзгеріс байқалғанын ерекше сезіммен жеткізді.
3. Жоба барысында тиімді іс-әрекетті ұйымдастыру үшін, дайындықты шыңдау үшін әріптестерім көмегі керек деп есептейсіз бе? Нақты кімнен көмекті алғыңыз келетін еді? – деген сұраққа өз әріптестерінің тың ойларын ортаға салып, түрлі іс-шара өтіп жатқанын ескеріп, әрбірінің өз орны бар екеніне мақтаныш сезіммен жеткізді.
4. Сабақта қай жерінде құндылықты кіргізуге болады? Қалай құндылықтарды көрсетуге болады? – деген сұраққа құндылыққа бағытталған оқыту – оқушы тұлғасының бойында мақсатты түрде құндылықтар жүйесін қалыптастыратынын және оқушының өз әрекетінде жекелеген құндылықтарды таңдап алу, оларды өзінің әлеуметтік маңызды құндылықтары ретінде сезіну және қабылдау қабілеттілігінің дамитынын тілге тиек етті. Сондай-ақ құндылықтарды кіріктіре отырып білім беру дегеніміз құндылықтардан шығатын талаптарға сай болу және күнделікті өмірді сол талаптарға бағындыру екенін және құндылықтардың мәні қоғамда сәтті әрекет ету үшін қажетті ережелерді, дағдыларды, өмір салтын, жүріс-тұрысты қалыптастыруда көрініс табатынын нақтылады.
5. Ата-аналар жиналысын қандай форматта өткіздіңіз?-деген сұраққа 73,4%-ы басты жаңалық ретінде жаңаша форматта өткен ата-аналар жиналысы біздің ата-аналарымызды ерекше қуантқанын алға қойған.
6. Мені осы өткен құндылық айын өткізу барысында қуантқан және ренжіткен кездер (нәрселер) деп не жайында айтар едіңіз? деген сұраққа мектебімізде аталмыш іс-шараның өз деңгейінде өткені, оқушылардың «үлкенге құрмет, кішіге ізет» ұстанымын тиянақты орындап, оқушылар бір-біріне немесе мұғалім мен оқушы біріне тәттілер сыйлап, қуаныш сыйлағандары көз қуантарлық жағдай екенін айтып өтті. Ал осы сәттердің әттеген ай деген жерлері – сол тәттілерді қандай қаражатқа алды екен деген ой мазалағанын да жасырмады.
Сұхбат соңында құндылық жобасы аясында құндылықты әркім өзінен бастап, өзі өнеге болса, тең-теңімен қағидасын енгізсе, белгілі, әртүрлі саладағы өз ісінің шебері, маманы болған атақты тұлғалармен кездесу ұйымдастырылса деген ұсыныстар беріп өтті.
Бұл көрсеткіштердің келесі айларда екінші сауалнамадан көтерілгенін байқауға болады. Алдыңғы сауалнамамен салыстырғанда, «Қолдау» тобы жұмысының басты жұмыс ретінде бағалағандардың үлесі 93,5%-ға артқан. Құндылық жобасын сабаққа кіріктіруді маңызды санайтындардың көрсеткіші 23,7%-дан 76,3%-ға көтерілген. Ата-аналар жиналысының маңыздылығы 94,6%-ға көтерілген, одан кейін әріптестерінің көмегі қажет екендігі 6,8%-ға кеміген. Ал осы жоба аясында өткізілген іс-шаралардың барысында қуантқандардың үлесі 21,5%-дан 28,7%-ға көбейген.
Алғашқы сұхбаттасуда мұғалімдердің шынайы болмыстарын байқасақ, келесі сұхбаттасуларда мұғалімдердің жанашырлықпен жұмыс жасап жатқандарын байқадық яғни, мұғалімдер «оқушылармен жақындай түстік», «ата-ана мен баланың қарым-қатынасы түзеле бастады», «бос уақытын тиімді ұйымдастыра алды», «азаматтық сана-сезімі өзгере бастады», «ата-аналар жиналысы жаңа форматта өтті, олардың жүзінен қуаныш сезімі байқалды» т.с.с пікірлерімен бөліскен соң, сен айтпақшы «Құндылық базары» чатынан жұмыс нәтижелерін көріп, экрандағыдай бағалау шкаласына сүйене отырып, өзгеріске бейімделе бастағаны жайында тұжырым жасадық.
Сонымен қатар, әрбір сұхбаттасу соңында сағаттап отырып, бір-бірімізбен пікір алмасып, ақылдасып отырып, ілесе алмай келе жатқан мұғалімдерге қолдау көрсеттік. Сонымен қатар, педагогикалық ұжымның тиімді жұмыс жасауын ұйымдастырудың тағы бір жолы салыстырмалы мониторинг жасау болды. Сұхбаттасу нәтижесінде стандартты жұмыс жағдайында олардың мінез-құлқына қарай жобадағы ролі және позияциясы анықталды. Осылайша, біз мұғалімдердің 4 салыстырмалы позициялық таблицаға орналастырдық. Олар:
1. Қиындық тудырушы (бұзақы) – Ережені бұзғанды ұнатады. Оның ұраны «Мен қарсымын»
2. Симулятор – Күшті белсенділікті имитациялайды. Оның ұраны «Маған тиіспе»
3. Орындаушы – Ол өз жұмысын жақсы атқарады, басқа ештеңе жоқ. Оның ұраны: «Мен өзімнен талап етілетін нәрсені дәл орындаймын»
4. Адал – Ол өз лауазымынан, өзі қатысатын процестерден, ұжымнан және жалпы жұмыстан жоғары көтеріледі. Оның ұраны: «Мен көп нәрсені істеймін және жақсырақ істеу жолдарын табамын».
Модульдік сұхбаттасулар арасындағы салыстырмалы мониторинг

Осылайша, мұғалімдердің баспалдақтың қай сатысында екенін білдік. Әрине бізге оңай болған жоқ, жаңа дүние, жаңа жоба болғандықтан бір мұғалімдер тобы түсініп, бастап кетіп жатса, екіншілеріне қолдау керек болды
Міне, әрбір іс-әрекетімізді талдай отырып, бос орындарды толтыру арқылы алға жылжуды қамтамасыз ете алдық. Жоғарыдағы аталған 4 салыстырмалы позициядағы мұғалімдерге өз деңгейіне қарай психологиялық сүйемелдеу жұмыстарын жасадық.
Осы орайда, алғашқы сұхбаттасулардан кейін мұғалімдер жобаны түсінбей, қарсылық білдірген мұғалімдер біршама жоғары пайызды көрсетсе, келесі сұхбаттасуларда пайыздық өзгерісті байқап отырмыз. Өзгеріске келудегі жобаны жүзеге асырудың ең басты шарты ретінде психологиялық сүйемелдеудің маңызы зор екенін атап өткіміз келеді.
Жалпы мектебімізде 2022 – жылдың қазан айына «Құндылыққа негізделген білім беру» жобасы бойынша 24 мұғалім курс өтті. Курс оқыған мүғалімдер қалған мұғалімдерді оқытып, жоғарыда жүргізілген «Қолдау» тобының жұмысының нәтижесінде қазіргі таңда мұғалімдер 100 % осы жобамен жұмыс жасап жатыр және құндылықтарды сабақта 80% мұғалімдер қолданып жатыр. «Құндылыққа негізделген білім» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі:
1. Ата-аналардың тарапынан шағымдар азайды. 2022-дың қараша айынан желтоқсан айына дейін – 3 шағым, ал 2023 жылдың қаңтар-наурыз айына дейін – 1 шағым ғана түскен;
2. Мұғалімдер оқу-тәрбие жұмысы туралы қалалық семинарда өз тәжірибелерімен бөлісті;
3. Ата-аналар мектепішілік іс-шараларға 30 % қатысып, өз ойларымен бөлісті;
4. Ай сайын ата – аналармен «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылып отыр;
5. Оқушылардың арасында кітап оқу бойынша өзгеріс бар. Оқыған кітаптарын талқылау жұмыстары жүйелі жұмыс жасалып отыр. Жалпы оқушы саны – 1208. Әр жыл бойынша тоқталатын болсақ:
– 2021-2022 оқу жылындағы кітап оқушылар саны – 850;
– 2022-2023 оқу жылындағы кітап оқушылар саны – 1020.
6. 2022 – 2023 оқу жылы бойынша білім сапасы:
І тоқсан – 43,5 %
ІІ тоқсан – 49,9 %
ІІІ тоқсан – 52,8 %
7. Құқықбұзушылық саны азайды:
– 2021 – 2022 оқу жылында Байқоңыр аудандық жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық есебінде тұрған оқушы саны – 5;
– 2022 – 2023 оқу жылы бойынша құқықбұзушылық есебінде тіркелген оқушы саны – 0.
8. Аяқталмаған суицид әрекеті бойынша мәлімет:
– 2021 – 2022 оқу жылы – 2 мектепішілік (2 жағдай – жазғы демалыс мезгілінде орын алған);
– 2022 – 2023 оқу жылы – 0
9.Мектепте «Құндылықтарға арналған безендірулер» жасалды.
10. Ұлттық құндылықтарға негізделген жоба бойынша жұмыс жасалуда. Әр паралель сыныптар ұлттық құндылыққа сай жұмыс жасайды. Соның ішінде ұлттық ойындар:
– «Бес асық», «Асық ату» ұлттық ойындарынан республикалық жарысқа барады.
– «Тоғызқұмалақ» жарысы бойынша қалалық жарыстардан көптеген оқушыларымыз орын алуда.
Жалпы жоба аясында атқарылған іс-шаралардың барлығы мектебіміздің оқушыларын да, мұғалімдерін де жақсы жаққа өзгертті. Осылайша жұмысымыз алға баса беретін болса, саналы, жүрегіне құндылық ұялаған ұрпақ тәрбиелеп шығаратынымызға сенімдіміз.