Құндылықтарға негізделген білім беру

Мектеп – құндылық мекені

05.01.2023 жылы мектебіміздің акт залында № 55 ОМ жетекші мектеп болып бекітілген «Шамшырақ» серіктес мектептермен, яғни Нүркен Әбдіров атындағы 33 “Балабақша-бастауыш мектеп” кешені ұстаздары мен № 44 орта мектеп ұстаздары бірге «Оқу, тәрбие үрдісінде оқушы бойына адами құндылықтарды қалай қалыптастыруға болады?» атты тәжірибе бөлісу семинары болды. Қараша айында бір жеті Құндылық тақырыбында № 33 серіктес мектеп ұстаздарымен бірігіп курс оқығанбыз. Міне,  екі ай өткен соң тәжірибемен бөлісуге бас қостық. Ұранымыз: Мектеп – құндылық мекені. Жетекші-серіктес мектептердің әдістемелік тақырыбы: Бірлескен жұмыс арқылы оқу-тәрбие үдерісін құндылыққа бағыттау. Өзара әрекеттесудің мақсаты: Мектептер арасында бірлесе жұмыс атқару арқылы, ұстаздар оқушыларға адами құндылықтарға негізделген оқу-тәрбие ортасын қалыптастыру. Аспектісі: Адами құндылықтар негізінде оқыту мен оқуға негізделген өзгерістерді тиімді басқару арқылы табысты мектепке жету. Жетекші-серіктес мектептердің өзара әрекеттесүінің бағыттары: жоспарлайды, бір-бірін үйретеді, тәжірибе алмасады, ортақ шешімге келеді, бақылайды, мониторинг жасайды. Күтілетін нәтиже: мұғалімдер жаңаша үлгіде жұмыс істеп, жеке тұлғаның адами құндылықтарды дамытуға қол жеткізеді.

           Әр адамның бағасы оның ой-ниетiнiң құндылығымен анықталады екен. “Адамзат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшысы болса данасы”, – деген екен қазақтың азаттық жолында күрескен қайсар ұлы Сырым Датұлы. Қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабаев: “Адам жаңа­шыл: жаңа үстіне жаңа тілейді, жаңа­дан жаңаға құмар келеді. Адам әсемшіл: әсемнен әсем, сұлудан сұлу таңдайды”, – дейді. Бұл құнды ой арқылы рухани жаңғыру заманын­да адамзат ескі сүрлеумен жүре бер­мей ілгерілеуге, өзгеруге ұмтылуы қажеттігін айтқан. Себебі, бұл – заман талабы. Дидар Алимовна табысты басшы, себебі өз ұжымындағы оқу мен тәрбие  үрдісін жүйелі нәтижеге бағыттап келеді. Дидар Алимовна ұжымды  тиімді басқарып, адамтанудан бастап, ұстаздардың күрделі және қызықты, рухани жан-дүниесіне үңіле алады дер едім. Басқарушылық шеберлік пен басқарушылық өнер – даналықты жүрекпен ұға білу десем артық айтқандық болмас. «Үйренгенді желге ұшырмай іске асыр», – деп байырғы ғұлама Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, білім сапасын көтерудегі мемлекеттік бағдарламалар аясында функционалдық сауаттылықты дамыту,  білім сапасын арттыру, «оқуға құштар мектеп» жобасы, құндылық жобасы аясында оқушылардың бойына адами құндылықтарды дарыту» шеберлік сыныптары, іс- тәжірибе алаңдарын, кәсіби сұхбаттарды жиі ұйымдастырып келеді. Білім саласында “жілігін шағып, майын ішіп” келе жатқан білікті де, білімді менеджер кім десеңіздер – ол біздің басшы Дидар Алимовна. 

           М.О.Әуезов:«Қытайлықтар ұлы қытай қорғанын, итальяндықтар сазды әуенімен таң қалдырса, қазақ халқы ұлттық құндылықтар мен бай тілін мақтан етеді» – деген. Семинарда жетекші-серіктес мектептердің ұстаздары тәжірибелерімен алмасып та, бөлісіп те отырды. Әр ұстаз сабағында адами құндылықтарды   оқытудың негізінде кіріктіре алды.

           Қараша айын “Құрмет” айы,  желтоқсан   айын “Отансүйгіштік” айы деп алдық. «Бастауышым – бастамам, білім жолын бастаған» демекші, мысалы, бастауыш мұғалімі Тулегенова Данар құрмет айында жаратылыстану пәнінен “Денсаулыққа құрмет көрсету” тақырыбында құндылықты сабақ басында көрсете алғанын айтып, «тіс бұзылды дегенше, іш бұзылды дегейсің, іш бұзылды дегенше, іс бұзылды дегейсің» деп, ұстаз шәкірттеріне  денсаулыққа құрметпен қарау керек екендігін,  тазалық тек тәнде емес, жүректе де болу керектігін ұғындырды. Бастауыш сынып мұғалімі Садыкова Жанар математика пәнінен логикалық сұрақтар қою арқылы балаларды адами құндылыққа баули алды. Жанар ұстаз: “Сынып сағатында «Құрмет» айлығында “Амандасу”  туралы, бүлдіршіндердің тек жеке ұстазымен ғана амандасады да,басқа ұстаздармен амандасуды мүлдем білмейтін, ал осы жобаны мектепке енгізгеннен бері оқушылармыздың бойына адами құндылықтарды сіңіре  алдым, себебі оқушыларым барлық ұстаздармен амандасатын болды”-деп ағынан жарылып айтты бастауыш сынып мұғалімі.

           Химия пәнінің мұғалімі Алпысбаева Альвира 11-ші сынып оқушыларымен «Полимерлену реакциясы» тақырыбында сабақтың ортасында құндылыққа баули алды: балаларға полимерлену реакциясы арқылы  «ең қарапайым органикалық полимер ол – полиэтилен. Ол этиленнің полимеризациялануынан түзеледі. Бір заттан екінші бір зат алу үшін заттардың бірігуі қажет. Заттар біріге отырып, нақты бір өнімге қол жеткізеді, сол себепті оқушылар да біріге отырып – дұрыс әрекет жасап, ұйымшыл болса, адал ниетпен жұмыс жасаса, іс-жүзінде қолданса, табысқа жете алады. Содан оқушылардың өздері бірден «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген  мақалды айтыпты. Осылайша, бастауыш сынып мұғалімдері Карбаева А.С., Айтымбетова Э., математика пәнінің мұғалімі Б.Егізбай, география-биология пәнінің мұғалімі С.Ж.Нысанбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нуркина А.М., физика пәні мұғалімі Исаева Қ.Ж., тарих пәнінің мұғалімі Оралбаева К.К., осы ұстаздар да, басқа да ұстаздар осы «құндылық» жобаны сабақтарының басында, ортасында, соңында тиімді қолданып жүр. Оның өзі үлкен жетістік деп айтуға болады. Әр сынып жетекші қысқа мерзімді жоспарды жасай отырып, оны өз мерзімінде сыныптарында өткізіп, ұзақ мерзімді жоспарды құрып қорытынды ретінде өткізіп отырды. Небәрі екі айдың ішінде ұстаздарымыз оқушыларымызға ынтымақтастық маңыздылығын түсіндіре отырып, адами құндылықтар оқушыларымызды алға жетелейтінін айтты, ұстаздар оқу үрдісінде ғана емес, тәрбие сағаттарында да тиімді қолданып келеді.

           Біздің қазақ халқы қанға сіңген табиғатында көпшілдік, дарқандылық, кеңдік сияқты қасиеттермен ерекшеленеді, балаға, жас буынға талбесіктен бастап адамгершілік, адалдық, әділдік, намысты болу,әдептілік, ұят деген қасиеттерді үйретіп, тәрбиелеген. Қазіргі таңда отбасындағы ұл мен қыздың бойындағы адами құндылықтар болып табылатын адалдық, ар-намыс, қадір-қасиет, ұят, жомарттық, әдептілік сияқты асыл қасиеттердің барлығы тәрбие түсінігімен байланысып келеді. Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп айта аламыз. 

           Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістітерімен үйлестіру.

           «Жалпы адамзаттық және адами құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімдерді меңгерген, бәсекеге қабілетті, салауатты ұрпақ тәрбиелеу» осы мақсат барлық ұстаздардың ойында, осы мақсатпен жұмыс істеп келеміз.

           Адами құндылықтарды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – мектеп ұстаздарының алдында тұрған ұлы міндет.