Астана қаласы № 55 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ахметова Бибисара Абдрамановна
Қараша айында курс өтті. Курстың тақырыбы: Құндылық. Мақсаты: Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімдерді меңгерген, бәсекеге қабілетті, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Курстың бірінші күні, «Түйсік, Ерік-жігер, адамгершіліктің 6 дәрежесі», «Буллинг», «Қиын балалармен жұмыс» тақырыптар болды, оны тренер жас әріптесіміз Жігер Телюханов дәріс берді. Мектебіміз қараша айынан бастап, әр айын бір құндылықка жоспарлады. Оқушы ай соңына дейін құндылықпен толық танысады және пәндердің жекелеген тақырыптарына сәйкес құндылықтармен сабақтастырады. Құндылықтарға негізделген тәрбие сағаттарында оқушыларға ойтүрткі болатын сұрақтар және әрбір құндылық айы аяқталғанда оқушылардың жалпы түсінік қалыптастырғандығын анықтауға әртүрлі тапсырмалар беріледі. Мұндай жауапты және жан-жақты жұмысқа мектебіміздің ата-аналары да жұмыла атсалысады. Алақандай мектебіміздің қызығынан қиындығы басым кездер де болды, дегенмен ұстаздарымыз әлі де өзгеге өнеге болар сауапты ісімен талайды тәнті етуде. Мектепішілік пед.кеңестерде басты тақырып «құндылық» болды.
Семинарда жетекші-серіктес мектептердің ұстаздары тәжірибелерімен алмасып та, бөлісіп те отырды. Әр ұстаз сабағында адами құндылықтарды оқытудың негізінде кіріктіре алды. Қараша айын “Құрмет” айы, желтоқсан айын “Отансүйгіштік”айы деп алдық. «Бастауышым – бастамам, білім жолын бастаған» демекші, мысалы, бастауыш мұғалімі Тулегенова Данар құрмет айында жаратылыстану пәнінен “Денсаулыққа құрмет көрсету” тақырыбында құндылықты сабақ басында көрсете алғанын айтып, «тіс бұзылды дегенше, іш бұзылды дегейсің, іш бұзылды дегенше, іс бұзылды дегейсің» деп, ұстаз шәкірттеріне денсаулыққа құрметпен қарау керек екендігін, тазалық тек тәнде емес, жүректе де болу керектігін ұғындырды. Бастауыш сынып мұғалімі Садыкова Жанар математика пәнінен логикалық сұрақтар қою арқылы балаларды адами құндылыққа баули алды. Жанар ұстаз: “Сынып сағатында «Құрмет» айлығында “Амандасу”туралы, бүлдіршіндердің тек жеке ұстазымен ғана амандасады да, басқа ұстаздармен амандасуды мүлдем білмейтін, ал осы жобаны мектепке енгізгеннен бері оқушылармның бойына адами құндылықтарды сіңіре алдым, себебі оқушыларым барлық ұстаздармен амандасатын болды”-деп ағынан жарылып айтты бастауыш сынып мұғалімі. Химия пәнінің мұғалімі Алпысбаева Альвира 11-ші сынып оқушыларымен «Полимерлену реакциясы» тақырыбында сабақтың ортасында құндылыққа баули алды: балаларға полимерлену реакциясы арқылы «ең қарапайым органикалық полимер ол – полиэтилен. Ол этиленнің полимеризациялануынан түзеледі. Бір заттан екінші бір зат алу үшін заттардың бірігуі қажет. Заттар біріге отырып, нақты бір өнімге қол жеткізеді, сол себепті оқушылар да біріге отырып – дұрыс әрекет жасап, ұйымшыл болса, адал ниетпен жұмыс жасаса, іс-жүзінде қолданса, табысқа жете алады. Содан оқушылардың өздері бірден «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген мақалды айтыпты. Осылайша, бастауыш сынып мұғалімдері Карбаева А.С., Айтымбетова Э., математика пәнінің мұғалімі Б.Егізбай, география-биология пәнінің мұғалімі С.Ж.Нысанбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нуркина А.М., физика пәні мұғалімі Исаева Қ.Ж., тарих пәнінің мұғалімі Оралбаева К.К., осы ұстаздар да, басқа да ұстаздар осы «құндылық» жобаны сабақтарының басында, ортасында, соңында тиімді қолданып жүр. Оның өзі үлкен жетістік деп айтуға болады. Әр сынып жетекші қысқа мерзімді жоспарды жасай отырып, оны өз мерзімінде сыныптарында өткізіп, ұзақ мерзімді жоспарды құрып қорытынды ретінде өткізіп отырды. Ұстаздарымыз оқушыларымызға ынтымақтастықтың маңыздылығын түсіндіре отырып,адами құндылықтар оқушыларымызды алға жетелейтінін айтты, ұстаздар оқу үрдісінде ғана емес, тәрбие сағаттарында да тиімді қолданып келеді.
Біздің қазақ халқы қанға сіңген табиғатында көпшілдік, дарқандылық, кеңдік сияқты қасиеттермен ерекшеленеді, балаға, жас буынға талбесіктен бастап адамгершілік, адалдық, әділдік, намысты болу, әдептілік, ұят деген қасиеттерді үйретіп, тәрбиелеген. Қазіргі таңда отбасындағы ұл мен қыздың бойындағы адами құндылықтар болып табылатын адалдық, ар-намыс, қадір-қасиет, ұят, жомарттық, әдептілік сияқты асыл қасиеттердің барлығы тәрбие түсінігімен байланысып келеді.Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қоғамның әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп айта аламыз.
Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, т.б. ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістітерімен үйлестіру. «Жалпы адамзаттық және адами құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімдерді меңгерген, бәсекеге қабілетті, салауатты ұрпақ тәрбиелеу» осы мақсат барлық ұстаздардың ойында, осы мақсатпен жұмыс істеп келеміз.
Адами құндылықтарды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – мектеп ұстаздарының алдында тұрған ұлы міндеті. Құндылықтар негізінде оқыту жаңа заманның талабына сай тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру, қоғам өміріне бейімдеу, салауатты өмір негіздерін меңгеруге бағыттайды.